Тәуелсіз директорлар

Директорлар кеңесінің жұмысында тәуелсіз директорларға маңызды орын беріледі. Олар саны бойынша Директорлар кеңесінің комитеттерінде басым және сол комитеттердің төрағалары болады. Тәуелсіз директорлар тәуелсіздіктің барлық заңнамалық шарттарына, сондай‑ақ «Самұрық‑Қазына» АҚ компанияларында директорлар кеңесінің құрамын жасақтау ережелеріне және Корпоративтік басқару кодексіне сәйкес келеді.

Корпоративтік басқару кодексіне сәйкес тәуелсіз және объективті шешімдер қабылдау үшін жеткілікті кәсібилігі мен дербестігі бар, жекелеген акционерлердің, атқарушы органның және өзге де мүдделі тараптардың ықпалынан еркін адам тәуелсіз директор деп танылады. Тәуелсіз директорлар мүдделер қақтығысы болатын мәселелерді (қаржы және қаржы емес есептілігін дайындау, жасалуына мүдделілік бар мәмілелер жасасу, атқарушы органның құрамына кандидаттар ұсыну, атқарушы органның мүшелеріне сыйақы белгілеу) талқылауға белсенді қатысады. Тәуелсіз директор тәуелсіздік мәртебесінің жоғалу ықтималдығын қадағалайды және осындай жағдайлар болғанда Директорлар кеңесінің төрағасын алдын ала хабардар етуге тиіс екенін біледі. Директорлар кеңесі мүшесінің тәуелсіздігіне әсер ететін мән‑жайлар болған жағдайда, Директорлар кеңесінің төрағасы тиісті шешім қабылдау үшін осы ақпаратты дереу акционерлердің назарына жеткізеді. 2024 жылы мұндай жағдайлар болған жоқ.

Үздік халықаралық тәжірибені ұстана отырып, компания өзінің тәуелсіз директорларының жоғары стандарттарға сай болуына ұмтылады және директордың тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін немесе нұқсан келтіргендей болып көрінетін жағдайлардың жоқтығын мәлімдейді.