Нарыққа шолу

Жаһандық тенденциялар және олардың ҚМГ даму стратегиясын іске асыруға ықпалы

2024 жылы әлемдік мұнай‑газ саласы көптеген факторларға тәуелді болды, олар ҚМГ қызметіне елеулі ықпал етті.

Басты трендтер:

2024 жылы ОПЕК+ елдерінің шешімдері әлемдік мұнай нарығының динамикасына айтарлықтай әсер етуді жалғастырды. Мұнай өндіруді шектеу бойынша жалпы саясатқа қарамастан, Қазақстан ОПЕК+ мүшесі ретінде келісімдер аясында өндірісті 1,5%‑ға қысқарту жөнінде міндеттеме алды, бұл тәулігіне шамамен 1,64 млн баррельді құрады (2023 жылғы өндіру көлемі — тәулігіне 1,66 млн баррель).

S&P Global мәліметтеріне сәйкес бұл шаралар 2024 жылдың бірінші жарты жылында Brent маркалы мұнай бағасын барреліне 70–85 АҚШ доллары аралығында ұстап тұруға мүмкіндік берді. Алайда екінші жартыжылдықта ОПЕК+ ұйымына мүше жекелеген елдердің бастамасымен өндіріс көлемін біртіндеп өсіру бағаны жыл соңына дейін барреліне 75 АҚШ долларына дейін төмендетті.

Дереккөз: S&P Global Commodity Insights, 2024.
ҚМГ‑ға ықпалы

ҚМГ мұнай‑газ жер қойнауын пайдаланушысы ретінде өндірістік квоталарға және оларды орындау тәртібіне қатысты салаға жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі белгілеген қағидаларды сақтап орындайды. Қазақстан ОПЕК + келісімін ұстанады және үкімет директиваларына сәйкес өндіруді басқарады. Энергетика министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, Қазақстан өндіру көлемінен асып кеткені үшін өтемақы төлеу қажеттігін мойындайды және ОПЕК+келісімі аясында міндеттемелерді орындауға өз бейілділігін растайды.

2024‑2025 жылдары ОПЕК+ жалпы квотасын бөлу, тәулігіне млн барр.
Дереккөз: ОПЕК
Қазақстан үшін 2024, 2025 және 2026 жылдарға арналған ОПЕК+ квоталарын бөлу, тәулігіне млн баррель
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі
Дереккөз: ОПЕК

Қытайдың ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, ел экономикасы 2024 жылы 5% өсімді көрсетіп, үкімет белгілеген мақсатты көрсеткішке жетті. Төртінші тоқсанда ішкі жалпы өнімнің өсуі жылдық есепте 5,4%‑ға дейін артты, бұл соңғы бір жарым жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болды. Бұл өсуге ықпал еткен негізгі факторлар өнеркәсіптік өндірістің кеңеюі және экспорт көлемінің ұлғаюы болды. Алайда ішкі сұраныс әлі де әлсіз болды: бөлшек сауда бір жылда тек 3,5%‑ға өсті, ал инфляция 0,2%‑ды құрады, бұл халықтың тұтыну белсенділігі төмен екенін көрсетеді. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік секторына құйылатын инвестиция 10,6%‑ға қысқарып, алдыңғы жылдардағы үрдісті жалғастырды.

Осылайша, өсімнің мақсатты көрсеткішіне жеткеніне қарамастан, Қытай экономикасы тұтынушылар тарапынан сұраныстың аз болуы және жылжымайтын мүлік секторының құлдырауы сияқты ішкі проблемаларға тап болуда, бұл Қытайға импорттаушылардың кірісіне кері әсер етеді.

Нақты ішкі жалпы өнімнің өсу қарқынының төмендеуі, құрылыс индустриясындағы проблемалар және өнеркәсіптік белсенділіктің төмендеуі мұнайға деген сұраныстың төмендеуіне әкелді. 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 0,8%‑ға өсті, ал 2025 жылы 1,3%‑ға өседі деп күтілуде. Бұл электр көлігінің танымалының артуына және жүк көлігінің сұйытылған табиғи газға көшуіне байланысты. Қытайдың ең ірі мұнай‑химия компаниясы Sinopec‑тің болжауынша, 2027 жылға қарай елдегі мұнай тұтынудың ең қызған шағы кезінде тәулігіне 16 млн баррельге жетеді. Бұдан кейін сұраныстың біртіндеп төмендеуі күтіледі. Қытайда электрмобильдерді пайдалану ауқымының тез таралуы бензин мен дизельге деген сұранысты айтарлықтай төмендетуде. 2025 жылдың соңына қарай бензинге сұраныс 2021 жылдың ең жоғары деңгейімен салыстырғанда 6,4%‑ға төмендейді деп күтілуде.

Бұл тенденциялар Қытайдың мұнайға деген сұранысында құрылымдық өзгерістер бар екенін көрсетеді, яғни бұл жаһандық мұнай нарығына ұзақ мерзімді ықпал етуі мүмкін.

Дереккөз: Қытайдың Ұлттық статистика бюросы, Дүниежүзілік банк, WSJ.com, Reuters.com.
ҚМГ‑ға ықпалы

Қытайға ҚМГ экспортының үлесі әлі де шамалы болса да, Қытайдағы экономикалық өсімнің баяулауы мұнайдың әлемдік бағасының төмендеуі арқылы кКмпанияға жанама ықпал етеді. Қытайдағы ішкі сұраныстың төмендеуі және құрылыс саласындағы қиындықтары мұнайға деген жаһандық сұраныстың төмендеуіне әкелді, бұл өз кезегінде ҚМГ‑ның экспорттық кірісіне қысым жасайды.

Қытайда мұнай өнімдеріне сұраныстың өсуі, күніне млн баррель
Қытайдың экономикалық болжамы
Көрсеткіш 2023 2024П 2025П 2026П
ІЖӨ нақты өсуі (%) 5,2 4,9 4,5 4,0
Тұтыну бағаларының индексі (жылдық орташа өзгеріс, %) 0,2 0,4 1,1 1,6
Ішкі шоттың сальдосы (% ІЖӨ) 1,4 1,6 0,9 0,2
Дереккөз: Дүниежүзілік банк.

АҚШ өндірушілері мұнай өндіруді өткен жылмен салыстырғанда 10%‑ға арттырды, бұл жаһандық ұсыныстың артуына және сыртқы нарықтағы бәсекелестіктің артуына әкелді. АҚШ Энергетика министрлігінің Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) мәліметтері бойынша, 2024 жылы АҚШ‑та тақтатас мұнайын өндіру тәулігіне 13,4 млн баррель рекордтық деңгейге жетті, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3%‑ға көп.

2005 жылдан бастап 2024 жылға дейін АҚШ‑та сұйық көмірсутектер өндірісі айтарлықтай өсті, бұл жаһандық мұнай нарығына едәуір әсер етті. 2005 жылы орташа тәуліктік өндіріс шамамен 5,2 млн баррельді құрады, ал 2024 жылға қарай рекордтық көрсеткішке жетті (тәулігіне 13,4 млн баррель). Бұл өсім қабатты сумен жару және көлденең бұрғылау технологияларының дамуына байланысты, бұл тақтатас кен орындарын тиімді игеруге мүмкіндік берді.

АҚШ‑та мұнай өндірудің артуы әлемдік ұсыныстың өсуіне әкелді, бұл бағаларға қысым жасап, халықаралық нарықтағы бәсекелестікті күшейтті. Бұл жағдай әлемдік мұнай нарығында айтарлықтай өзгерістерге, соның ішінде сауда ағымдарын қайта бөлуге және баға динамикасының өзгеруіне әкелді. Сонымен қатар америкалық тақтатас мұнайының бағалар өзгерісіне жоғары деңгейде икемді болуы АҚШ‑қа нарықтағы ауытқуларға тез бейімделуге мүмкіндік береді, бұл басқа өндірушілер үшін жоспарлау процесін қиындатады.

ҚМГ‑ға ықпалы

АҚШ‑та тақтатас мұнайын өндірісінің ұлғаюы ҚМГ үшін сыртқы нарықтағы бәсекелестіктің күшеюін және экспорттық бағаларға қысымды білдіреді. 2024 жылы америкалық мұнай экспортының ұлғаюы әлемдік нарықтың тепе‑теңдігін бұзды, бірақ оның әсері Қытай экономикасы өсуінің баяулауымен және негізгі аймақтардағы геосаяси шиеленістің күшеюімен ішінара бейтараптандырылды. Бұл қарсы әрекет ететін факторлар мұнайдың орташа бағасын салыстырмалы түрде тұрақты деңгейде ұстауға ықпал етті.

Осылайша, АҚШ‑та тақтатас мұнайын өндірудің үздіксіз өсуі ҚМГ‑дан операциялық тиімділікті арттыруға және шығындар құрылымын оңтайландыруға мән бере отырып, әлемдік нарықтағы позицияларды ұстап тұру үшін стратегияларды бейімдеуді және тиімділікті арттыруды талап етеді.

Жылына орташа өндіру көлемі, күніне мың баррель
Дереккөз: АҚШ‑тыңЭнергетикалық ақпарат басқармасы (EIA)
АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру көлемінің өсуі

2024 жылы геосаяси қақтығыстар әлемдік мұнай нарығына айтарлықтай әсер етуді жалғастырды. S&P Global мәліметі бойынша, Таяу Шығыстағы қақтығыстың күшеюі және Ресейге қарсы санкцияларды ұзарту мұнай тасымалында уақытша іркілістерге әкелді, бұл үшінші тоқсанда мұнай бағасының барреліне 89 АҚШ долларына дейін өсуіне ықпал етті.

Таяу Шығыстағы қақтығыстың күшеюі Иран мен Иракты қоса алғанда, аймақтың негізгі экспорттаушы елдерінен мұнай жеткізудің іркілістеріне әкелді. Мұнай инфрақұрылымына жасалған шабуылдар, санкциялардың күшеюі және әлемдегі мұнай тасымалының шамамен 20%‑ы өтетін стратегиялық маңызды бағыт — Ормуз бұғазы арқылы жүретін кемелер қатынасының кідірісі мұнай бағасының өсуіне ықпал етті.

Сонымен қатар хуситтер сауда кемелеріне бірнеше рет шабуыл жасаған Қызыл теңіздегі шиеленістер ірі мұнай трейдерлері мен жүк тасымалдау компанияларын маршруттарды қайта қарауға мәжбүр етті. Бұл мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау құнын жоғарылатып, бағаның құбылмалы болуына да әсер етті.

Ресейге қарсы санкцияларды ұзарту және қатайту, воның ішінде оның мұнайы мен мұнай өнімдерінің экспортына шектеулер әлемдік мұнай жеткізу құрылымының өзгеруіне әкелді. Ресей баламалы сату нарықтарын (ең алдымен Қытай мен Үндістан) тапқанымен, санкциялар баламалы жеткізу көздеріне сұранысты арттыра отырып, әлемдік мұнай логистикасына әсер етті.

Ресейлік «көлеңкелі» танкерлер флотының жұмысына қосымша енгізілген шектеулер және G7 елдері тарапынан баға шектеулері ресейлік экспорттаушыларды ұзақ бағыттарды пайдаланып, жеткізудің айналып өту жолдарын қолдануға мәжбүр етті, бұл да жаһандық деңгейде логистика құнын арттырды.

Аталмыш факторлардың нәтижесінде 2024 жылдың үшінші тоқсанында Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 89 АҚШ долларына жетті, бұл жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Алайда жылдың екінші жартысында ОПЕК+ елдерінде өндірістің өсуіне және АҚШ‑тан мұнай жеткізу көлемінің өсуіне байланысты бағалар төмендей бастады.

ҚМГ‑ға ықпалы

Қазақстан мен ҚМГ үшін мұнай бағасының құбылмалы болуынан басқа, мұндай жағдайлар экспорттық бағыттарды әртараптандыру қажет екенін көрсетіп отыр. 2024 жылы наурызда SOCAR компаниясымен Баку‑Тбилиси‑Джейхан мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайының транзитін жылына 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздейтін, мұнай тасымалдау көлемін кезең‑кезеңімен ұлғайтуға қатысты келісімге қол қою маңызды белес болды. 2024 жылы ҚМГ Транскаспий бағыты бойынша жөнелтілген мұнай тасымалдау көлемін 34%‑ға ұлғайтты, яғни 1,4 млн тоннаны құрады.

Дереккөз: S&P Global, 2024; Халықаралық энергетика агенттігі (IEA).

Басқа энергия көздеріне жаһандық көшу жалғасып жатыр, ол экономиканың бұдан да көп салаларын қамтуда және дәстүрлі көмірсутектер сұранысына әсер етуде. 2024 жылы энергетикалық көшуге құйылған әлемдік инвестиция көлемі рекордтық 2 трлн АҚШ долларына жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11%‑ға артық.

Негізгі бағыттар:

  • электрлендірілген көлік түрлері, оған құйылған инвестиция 14%‑ға өсіп, 720 млрд АҚШ долларына жетті.
  • 680 млрд АҚШ доллары инвестиция алған (+9%) жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК).
  • көміртекті тұту және сақтау технологиялары (CCUSCarbon capture, utilization and storage. (CCUS) — бұл шығарындылары қысқарту технологиялары, олардың бүкіл энергетика жүйесінде пайдалануға болады.) және сутегі энергетикасы, оларға қызығушылық климаттық саясаттың қатаюы аясында артып келеді.

Қытай, ЕО және АҚШ жаңа энергия көздеріне ауысуда көш бастап тұр:

  • Қытай 750 млрд АҚШ доллары инвестиция құйды, бұл әлемдік инвестициялардың 37% құрайды,
  • Еуропалық одақ 420 млрд АҚШ доллары көлемінде салды, бұл ретте көміртекті көп қажет ететін энергия ресурстарынан бас тартуға бағытталған REPowerEUЕуропалық комиссияның 2030 жылға дейін ресейлік қазба отындарын тұтынудан бас тарту жоспары. Қазба отындарын ауыстыру үшін жоспарда энергияны үнемдеу, энергия көздерін әртараптандыру және жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану жөніндегі іс‑шаралар көзделген. жоспары басты рөл атқарды,
  • АҚШ 310 млрд АҚШ доллары инвестиция мөлшерімен үшінші орынға тұрақтады, бұл қаражат электромобильдер мен CCUS технологиялары үшін инфрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕО‑да климаттың өзгеруімен күресу және парник газдары шығарындыларын азайту үшін әзірленген трансшекаралық көміртекті реттеу механизмінің бірінші кезеңін (CBAM ) бастады, ол 2026 жылға қарай мұнай өнімдері мен энергияны қажет ететін басқа да тауарларға таралады. Ұлыбритания мен Канада осыған ұқсас шараларды әзірлеу үстінде, ал Қытай CO₂ шығарындыларына квота саудасының жаңа жүйесін енгізуде. 2024 жылы тамызда Еуропалық одақ энергетика саласындағы метан шығарындыларын (шикі мұнай, газ және көмір) азайту жөніндегі регламент қабылдады.

Сонымен қатар G7 елдері көміртекті көп қажет ететін жобаларды қаржыландыруды одан әрі шектеуге келісті, бұл дәстүрлі мұнай‑газ активтеріне капитал тарту мүмкіндігін азайтады. Институционалдық инвесторлар, соның ішінде ең ірі дербес қорлар мен даму банктері, көміртегі сыйымдылығы жоғары компанияларға инвестиция құюға шектеу енгізуде.

ҚМГ‑ға ықпалы

1. ЕО‑да көміртекті реттеу

CBAM көміртекті реттеуді енгізу дегеніміз 2026 жылдан бастап ЕО‑ға экспортталатын мұнай өнімдері көміртегі бағасын белгілеуге тап болатынын көздейді. Алдын ала бағалаулар бойынша қосымша көміртегі төлемдері мұнай мен мұнай өнімдерінің тоннасы үшін 20–30 АҚШ долларын құрауы мүмкін, бұл ҚМГ экспортының құнын арттырады және оның еуропалық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.

ҚМГ жауап ретінде:

  • Азия мен Орталық Азияға экспорттық бағыттарды әртараптандыру мүмкіндіктерін зерттеуде;
  • еуропалық серіктестермен көміртегі шығындарын өтеудің ықтимал тетіктеріне қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр;
  • көміртегі үшін төлемдерді азайту мақсатында мұнай өңдеу зауыттарының көміртегі ізін оңтайландырады;
  • 2060 жылға дейінгі төмен көміртекті даму бағдарламасын бекітті, ол мыналарды қамтиды:

    • өндіріс активтерінде көміртекті тұту және сақтау (CCUS) технологияларын енгізу,
    • CO₂ шығарындыларын азайту мақсатында мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту,
    • ЖЭК жобаларын дамыту және өндіру активтерін энергиямен қамтамасыз етуді декарбонизациялау.

2. Қаржы сын‑қатерлері және капиталдың болуы

Көміртекті көп қажет ететін жобаларды қаржыландырудан бас тартудың жаһандық тренді ҚМГ‑ның жасыл қаржыландыруға қол жеткізуін қиындатады.

ҚМГ жауап ретінде:

  • төмен көміртекті жобаларды қолдау үшін ESG‑инвесторларды белсене тартуда,
  • бірлескен кәсіпорындар базасында жасыл облигацияларды орналастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды,
  • метан шығарындыларын азайту жөніндегі OGMP 2.0 халықаралық бастамаларға қатысады, бұл компанияның инвестициялық тартымдылығын арттырады.
  • жаңартылатын энергетика саласындағы ең ірі жобаны – Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт «Мирный» жел электр станциясын іске асырып жатыр, оның бірінші кезеңін 2027 жылы аяқтау жоспарда.

    • жоба энергияны сақтау жүйелерін (BESS) пайдалануды көздейді.
    • жылына 3,2 млрд кВт·сағ астам электр энергиясын өндіру.
    • CO₂ шығарындыларын жыл сайын 2 млн тоннаға азайту.
Секторлар бойынша энергетикалық көшуге құйылатын жаһандық инвестициялар, млрд АҚШ доллары.
Экономика/блоктар бойынша энергетикалық көшуге құйылатын жаһандық инвестициялар, млрд АҚШ доллары.
Дереккөз: BloombergNEF, Energy Transition Investment Trends 2024; Еуропалық комиссия.

Дүниежүзі бойынша экономикалық өсудің баяулауына қарамастан, әлемдік мұнай‑газ химиясының нарығы кеңейіп жатыр.

Research Nester мәліметі бойынша, 2024 жылы әлемдік полимерлер нарығының көлемі 760,36 млрд АҚШ долларынан асып түсіп, 2037 жылға қарай 1,51 трлн АҚШ долларына жетеді деп күтілуде, бұл 2025‑2037 жылдар аралығындағы 5,4%‑ға тең орташа жылдық өсу қарқынына (CAGR) сай келеді.

IEA мәліметі бойынша, полиэтилен мен полипропилен сияқты полимерлерге сұраныс алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,8%‑ға өсіп, 335 млн тоннаға жетті. Бұл көрсеткіштің өсуінің негізгі драйверлері Қытай мен Үндістан болды, оларға жаһандық тұтынудың 50%‑дан астамы тиесілі. Mordor Intelligence мәліметі бойынша, пропилен нарығының өсуі 2029 жылға қарай 121,81 млн тоннаны құрайтын болады, бұл 2024‑2029 жылдар аралығындағы 5,78%‑дық орташа жылдық өсу қарқынына сай келеді.

Полиэтилен мен полипропилен сұранысының өсуіне әсер ететін негізгі факторлар:

  • орау, буып‑түю өнеркәсібі: электрондық коммерцияның өсуі және тұтынушылар қалауының ыңғайлы әрі икемді қаптамаға бет бұруы осы полимерлерге сұранысты ынталандырады.
  • автомобиль өнеркәсібі: жанармай тиімділігін арттыру үшін көлік құралдарының салмағын төмендетуге ұмтылу автомобиль компоненттерін өндірісінде пластмассаларды, соның ішінде полиэтилен мен полипропиленді пайдалану көлемінің артуына әкеледі.
  • құрылыс секторы: құрылыс көлемінің ұлғаюы, әсіресе дамушы елдерде, осы полимерлерді түрлі құрылыс материалдары мен бұйымдарында қолданудың өсуіне ықпал етеді.
ҚМГ‑ға ықпалы

Мұнай‑газ химиясын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚМГ 2022 жылдың соңында іске қосылған өзінің KPI зауытында полипропилен өндірісінің көлемін 249 мың тоннаға дейін (өсім 12%) ұлғайтты. 2024 жылы қуат жылына 1,25 млн тонна болатын полиэтилен өндіретін ауқымды зауыттың құрылысы басталды, бұл Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі ойыншы ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Компанияның бұл ауқымды мұнай‑газ‑химия жобалары негізінен өсіп келе жатқан экспорттық нарықтарға дайын өнімді сатуға арналған. Сонымен қатар ішкі нарықта полипропилен мен полиэтиленге сұранысты толық өтеу жоспарланып отыр, бұл Қазақстанда іргелес салаларды дамыту үшін қосымша экономикалық серпін береді.

Дереккөз: Халықаралық энергетика агенттігі (IEA); BloombergNEF, 2024; Research Nester; Mordor Intelligence.

Deloitte есебіне сәйкес, 2024 жылы мұнай‑газ саласына жасалған кибершабуылдар алдыңғы жылмен салыстырғанда 37%‑ға артты. Мұнай құбырлары мен автоматтандыру жүйелерін қоса алғанда, маңызды инфрақұрылымға жасалған шабуылдар басты сын‑қатер болды. Сәтті жасалған шабуылдар деректердің таралуына, өнеркәсіптік тыңшылыққа, құны қымбат жабдықтың істен шығуына және технологиялық процестердің бұзылуына әкелуі мүмкін. Саладағы деректердің таралуынан болатын орташа шығын бір компанияға шаққанда 3,86 млн АҚШ доллары мөлшерінде бағалануда.

Киберқауіпсіздік бойынша білікті мамандардың жетіспеушілігі мәселені ушықтырады. Компаниялардың тек 13%‑ы ғана заманауи технологияларды белсенді түрде енгізуде немесе цифрлық трансформациялау стратегиясын қабылдады, қызметкерлердің тек 3,5%‑ы ғана қажетті талаптарға толық сәйкес келеді. Киберқауіпсіздік саласындағы мамандардың әлемдік тапшылығы шамамен 4,07 млн адамға жетіп отыр.

Цифрлық трансформация мұнай‑газ нарығының жетекші компаниялары үшін дамудың негізгі бағытына айналды. Жасанды интеллект, машиналарды оқыту, үлкен дерек қоры және қондырғылардың цифрлық көшірмелері сынды цифрлық технологияларды енгізу өнімділікті, қауіпсіздікті арттыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, инженерлік тренажерлерді пайдалану өндіріс процестерін нақты уақыт режимінде модельдеуге, жоспарларды жедел реттеуге және жабдықтың ықтимал ақауларын болжауға көмектеседі.

ҚМГ‑ға ықпалы

ҚМГ қазіргі заман жағдайында киберқауіпсіздік пен цифрландырудың маңызын жақсы түсінеді. Компания өз операцияларының тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру үшін озық цифрлық шешімдерді барынша енгізіп жатыр. Бұдан басқа, ҚМГ компанияның маңызды инфрақұрылымы мен деректерін қорғауға бағытталған киберқауіпсіздікті күшейту жөніндегі кешенді бағдарламаны іске асыруда. Бұл шаралар бағдарламалық жасақтаманы үнемі жаңартып отыруды, заманауи қорғаныс құралдарын енгізуді және қызметкерлерді оқытуды қамтиды.

Осылайша, ҚМГ цифрлық трансформация және өсіп келе жатқан киберқауіптер жағдайында өзінің өндірістік процестерінің сенімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, әлемдік үрдістерге сай болуға ұмтылады.

Дереккөз: Deloitte, Oil & Gas Cybersecurity Report 2024; Innostage Cyber Roadshow 2024.
Мұнай бағасының динамикасы

2024 жылы әлемдік мұнай нарығы экономикалық, геосаяси және технологиялық факторлардың үйлесуіне байланысты айтарлықтай құбылмалы болды.

Жыл бойы Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 70–85 АҚШ доллары аралығында құбылып тұрды. Бірінші жартыжылдықта бағаның өсуі байқалып, үшінші тоқсанда барреліне 86 АҚШ долларына жетті, бұл ЭЫДҰЭкономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегі сұраныстың маусымдық өсуіне және мұнай қорының төмендеуіне байланысты болды. Алайда жыл соңына қарай баға ұсыныстың ұлғаюына және сұраныстың төмендеуіне байланысты барреліне 75 АҚШ долларына дейін төмендеді.

Сарапшылардың болжамдары

J.P. Morgan2024 жылғы қарашадағы болжам: Brent мұнайының орташа бағасы 2025 жылы барреліне 73 АҚШ доллары болады деп күтеді, жыл соңына қарай 70 АҚШ долларынан төмен түсуі мүмкін. Бұл болжам бойынша ұсыныстың тәулігіне 1,3 млн баррель деңгейінде артық болуымен байланысты.

Bank of America2024 жылғы қыркүйектегі болжам: Bank of America Global Research 2025 жылға арналған Brent маркалы мұнай бағасының болжамын барреліне 80 АҚШ долларынан 75 АҚ долларына дейін төмендетті, оны жаһандық сұраныстың, әсіресе Қытайдың әлсіреуіне және әлемдік мұнай қорының ұлғаюына сілтеді.

Morgan Stanley2024 жылғы желтоқсандағы болжам: 2025 жылдың екінші жартыжылдығында Brent‑тің күтілетін бағасын барреліне 70 АҚШ долларына дейін көтеру арқылы өз болжамын қайта қарады, бұл ОПЕК+‑тің мұнай өндіруді жоспарлы ұлғайтуды кейінге қалдыру және баяулату туралы шешіміне байланысты.

Goldman Sachs2024 жылғы желтоқсандағы болжам: санкциялар мен геосаяси шиеленістердің салдарынан жеткізу көлемдерінің ықтимал төмендеуіне байланысты мұнай бағасының барреліне 93 АҚШ долларына дейін өседі деп болжайды. Алайда банктің негізгі болжамы бойынша 2025 жылы орташа баға барреліне 78 АҚШ доллары деңгейінде болмақ.

2023‑2030 жылдары өңірлер бойынша мұнайға әлемдік сұраныс, тәулігіне млн барр.
Дереккөз: ХЭА
Brent маркалы мұнай бағасына нақты мәндегі болжам (2024 ж. бағалары), барреліне АҚШ долл.
Дереккөз: мұнай компанияларының, сараптамалық агенттіктер мен инвестициялық банктердің мәліметтері

Ішкі драйверлер және олардың Даму стратегиясын іске асыруға ықпалыДаму стратегиясы (бұдан әрі – Стратегия).

2024 жылы Қазақстанның мұнай‑газ саласының дамуы

Мұнай‑газ индустриясы Қазақстан экономикасының негізгі секторы болып қала береді, оған көлік, өндіруші нысандардың құрылысы және геология сияқты аралас салаларды қоса алғанда, ІЖӨ‑нің шамамен 17%‑ы тиесілі.

Өндіру
87,7 млн  тонна
2024 жылы өндірілген мұнай көлемі

2024 жылы мұнай өндіру көлемі 87,7 млн тоннаны құрады, бұл 2023 жылғы деңгейден (89,9 млн тонна) 2,5%‑ға төмен. Өндіру көлемінің азаюы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты ірі кен орындарында жөндеу жұмыстарына уақытша тоқтауымен байланысты.

2024 жылы мұнай және газ конденсатын экспорттау көлемі 68,6 млн тоннаны құрап, 2023 жылмен (70,5 млн тонна) салыстырғанда 2,8%‑ға азайды, бұған өндіру көлемінің тиісті төмендеуі себеп болды.

Соңғы онжылдықтарда өндіріс орындарының көбеюі Қазақстанның көмірсутектің әлемдік нарығындағы позициясын едәуір нығайтты. U.S. Energy Information Administration (EIA) мәліметі бойынша Қазақстанда дәлелденген мұнай қоры 30 млрд баррельді құрайды, бұл көрсеткішке сай ол әлем бойынша 12‑ші орында тұр. Табиғи газға қатысты Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA) сол есебінен Қазақстан 2024 жылы 58,9 млрд текше метр өндіру көлемімен табиғи газ қоры (2,4 трлн текше метр) бойынша әлемде 15‑ші орынды иемденеді.

ҚМГ позициясы

ҚМГ Қазақстанда мұнай мен конденсат өндіруде жетекші орынға ие. 2024 жылы компанияның мұнай және конденсат өндіру сегментіндегі үлесі 27%‑ды, ал газ өндіру сегментіндегі үлесі 16%‑ды құрады.

2024 жылы Қазақстанда мұнай мен конденсат өндіру, млн тонна
Мұнай тасымалдау

Қазақстанда әлемдік нарықтарға көмірсутектерді тұрақты жеткізуді қамтамасыз ететін мұнайды тасымалдауға арналған заманауи инфрақұрылым құрастырылды. Мұнайды жеткізудің негізгі бағыттары «ҚазТрансОйл» мұнай құбырлары жүйесі және Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асырылады, Каспий теңізі арқылы теңіз тасымалын «Қазақтеңізкөлікфлоты» орындайды.

2024 жылы экспортқа мұнай тасымалдау жүйесі арқылы 68,6 млн тонна мұнай, соның ішінде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы Қазақстан мұнайының 55,7 млн тоннасы жөнелтілді, бұл экспорттың жалпы көлемінің 81%‑ын құрайды.

ҚМГ позициясы

ҚМГ транзиттік және экспорттық әлеуеті бар мұнайды тасымалдауға арналған әртараптандырылған инфрақұрылымды басқарады. 2024 жылы компанияның магистральды және теңіз көлігін қоса алғанда, мұнай тасымалдау сегментіндегі үлесі 57%‑ды құрады.

Мұнай өңдеу

«Қазақстан Республикасы отын‑энергетика кешенінің ахуалдық‑талдамалық орталығы» АҚ‑ның деректеріне сәйкес, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу көлемі 2024 жылы 17,6 млн тоннаны құрап, 2023 жылғы деңгейден 0,7%‑ға аз болды. Бұл көрсеткіштің төмендеуіне Caspi Bitum және «Конденсат» зауыттарында өңдеу көлемінің азаюы әсер етті.

  • Барлық маркалы бензин өндірісі 5,5 млн тоннаға дейін өсті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,5%‑ға артық.
  • Авиациялық отын өндірісі 746 мың тоннаға жетіп, 16,9%‑ға өсті.
  • Дизель отынының өндірісі 5,4 млн тоннаны құрап, 4,3%‑ға ұлғайды.
2024 жылы Қазақстанда сегменттер бойынша ҚМГ‑ның нарықтағы үлесі, %
ҚМГ позициясы

ҚМГ мұнай өңдеу нарығында 80% деңгейінде жалпы үлесі бар Қазақстандағы төрт ірі мұнай өңдеу зауытын бақылайды. 2024 жылы компания үш негізгі МӨЗ‑ді жақсарту жөніндегі бағдарламаны іске асыруды жалғастырды, бұл болашақта ПМХЗ‑да дизель отынын шығару көлемін ұлғайтуға және АМӨЗ‑де мұнай өнімдерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Аталмыш шаралар мұнай өнімдеріне ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз етіп, өңірлік нарықтарға экспорттық жеткізу көлемін кеңейтуге ықпал етеді.

ҚМГ дамуының басымдықтары

ҚМГ елдің мұнай‑газ саласын одан әрі дамуына бар күш‑жігерін салады және Үкіметке Қазақстан Республикасының әлеуметтік‑экономикалық дамуы міндеттерін орындауға қолдау көрсетеді. Компания мұнай‑газ саласында мемлекет мүддесін қорғайды және әлеуметтік жауапкершілік жоғары. Бизнесті тиімді әрі тұрақты дамыту ұлттық экономикалық бәсекеге қабілетімен, әлеуметтік әл‑ауқатпен, табиғи байлықтарды сақтаумен және тиімді пайдаланумен тығыз байланысты. ҚМГ энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстанның дамуы мен гүлдегуі жолында болашақ ұрпаққа қамқорлық танытып, табиғи ресурстарды тиімді әрі ұтымды игеру жөніндегі өз миссиясын берік ұстанады. ҚМГ миссиясына сәйкес төрт стратегиялық мақсат айқындалды:

  1. Компанияның өсуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті ресурстық база;
  2. Компания құн тізбегінің тиімділігін арттыру;
  3. Бизнесті әртараптандыру және өнім портфелін кеңейту;
  4. Тұрақты даму және өндірістің көміртек сыйымдылығын жүйелі төмендету.

2024 жылы Қазақстанда мұнай‑газ химиясының дамуы

Қазақстан мұнай‑газ химиясы өнеркәсібін белсенді дамытып жатыр, бұл ел экономикасын әртараптандыруда аса маңызды. Соңғы жылдары жаңа өндірістерді пайдалануға беру және қолданыстағы қуаттарды жаңғырту арқылы мұнай‑газ химиясы өнімдері өндірісінің өсуі қамтамасыз етілді.

Саланың басты кәсіпорындары:

  • «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС — полипропилен өндіреді;
  • «АМӨЗ» ЖШС (Атырау мұнай өңдеу зауыты) — ароматикалық көмірсутектер (бензол, параксилол) өндіреді;
  • «Компания Нефтехим ЛТД» ЖШС — полипропилен өндіреді;
  • «HILL Corporation» ЖШС мен «Лукойл Лубриканс Орталық Азия» ЖШС — жақпа майларын өндіреді;
  • «Шымкент химия компаниясы» ЖШС — бензинге арналған қоспаларды (метил‑трет‑бутил эфирі) өндіреді.

Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай‑химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы («ҰИМТ» АЭА) аясында саланың негізгі жобалары іске асырылып келеді. Бұл аймақ салық төлеу және кедендік жеңілдіктерді, сондай‑ақ дайын инфрақұрылымды ұсынады: кірме жолдар, теміржол станциялары, электр желілері және су құбырлары.

2024 жылы «ҰИМТ» АЭА базасында қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыттың ерте құрылыс жұмыстары басталды, бұл жоба Қазақстанның экспорттық әлеуетін едәуір күшейтеді. Зауытты пайдалануға берудің күтілетін мерзімі — 2029 жыл.

ҚМГ дамуының басымдықтары

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еліміздің мұнай‑газ химиясы саласын дамытуға белсенді атсалысады. 2024 жылы ҚМГ:

  • инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырды, мысалы, полиэтилен өндіретін зауыт салу. Полиэтилен бұл синтетикалық полимер, әлемде ең көп таралған пластиктің бірі. Ол қаптама, құбырлар, пленкалар, контейнерлер өндірісінде, сондай‑ақ берік, икемді және химияға төзімді болғандықтан құрылыста, медицинада және басқа салаларда қолданылады;
  • үкіметпен «ҰИМТ» АЭА мерзімін 2048 жылға дейін ұзарту үшін Үкіметпен тығыз жұмыс жасады (мәселе 2024 жылғы 24 шілдедегі №595 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен шешілді), бұл АЭА аумағында орналасқан жобалар үшін салық преференцияларын және басқа да жеңілдіктердің ұзартады;
  • «KMG PetroChem» ЖШС мен ТШО арасында 2008 жылы қабылданған Шикізат жеткізуді іске асыру туралы келісімге №3 қосымша келісімге және құрғақ газды сатып алу‑сату келісімшартына қол қойды, бұл «Полиэтилен» жобасы үшін шикізатты жеткізу мәселесін шешеді;
  • өндіріс тиімділігін арттыру үшін цифрлық инновацияларды қоса алғанда, әлемдік технологияларды қолдану жөніндегі бастамаларға қолдау көрсетті.

ҚМГ мұнай‑газ химиясының дамуы – бұл ұлттық экономиканың өсуінің негізгі драйвері деп санайды, себебі ол іргелес салалар үшін мультипликативтік әсер тудырады.

Қазақстан Республикасының Экология кодексі

2021 жылдан бастап Қазақстанда «ластаушы төлейді және жағдайды түзетеді» қағидатына негізделген Экологиялық кодекс қолданылады. Бұл кодекс ірі кәсіпорындардың ең жақсы қолданыстағы техникаларға көшуін және экологиялық бақылауды күшейтуді көздейді. Сондай‑ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі күшейтілген шараларды көздейтін жаңа Су кодексін әзірлеп жатыр.

ҚМГ дамуының басымдықтары

2024 жылы ҚМГ өз процестерін кодекс талаптарына бейімдеуді жалғастырды:

  • компания өз нысандарында эмиссияларға операциялық және өндірістік мониторингілеуді күшейтті. 2024 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «АМӨЗ» ЖШС, «ПМХЗ» ЖШС, «ПҚОП» ЖШС ҚР «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ‑ға («ҰАТ» АҚ) қосылу арқылы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне (ҚР ЭӘДМ) онлайн режимде автоматтандырылған мониторинг жүйесінен деректерді беру жобасын іске асырды. «KPI» ЖШС‑де құрылыс‑монтаждау жұмыстары аяқталып, іске қосу‑баптау жұмыстары жүргізілуде;
  • компанияға қарасты мұнай өңдеу зауыттарында орнатылған эмиссияларды мониторингілеудің автоматтандырылған жүйелеріне инвестиция салу көбейді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі іске қосқан бірыңғай экологиялық портал есеп беру және рұқсат алу процестерін автоматтандырудың маңызды құралына айналды. Бұл шаралар экологиялық тиімділік пен тұрақты дамуды арттыруға ықпал етеді.

ҚМГ‑ның экологиялық саясаты жаңа Экология кодексінің талаптарын ескере отырып жаңартылды. 2024 жылы Компания:

  • көміртегі ізін азайту және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған жобаларды іске асырды;
  • өз нысандарында биологиялық алуандылықты сақтау бойынша шараларды енгізді;
  • ҚМГ‑да су тұтыну көлемін қысқарту бойынша сандық мақсаттар мен мерзімдерді ескере отырып, су ресурстарын басқару бағдарламасының жобасын әзірледі;
  • ҚМГ компаниялар тобында қалдықтарды басқару жөніндегі стандартты бекітті;
  • экологиялық бағалау бойынша корпоративтік стандартты жаңартты;
  • жыл сайын жүзеге асыратын, мұнаймен ластанған жерлерді тазартуға қатысты іс‑шаралар өткізді.

Бұл шаралар компания қызметінің қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға және нарықтағы экологиялық жауапты компания ретіндегі ҚМГ позициясын нығайтуға бағытталған.

Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы

2023 жылы ақпан айында ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді дамуы үшін негізгі бағдарға айналған Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы бекітілді. Құжат төмен көміртекті үлгіге көшу үшін инвестициялық қажеттілікті есептейтін сценарийлерді талдау мен кешенді модельдеуге негізделген.

Стратегияның негізгі талаптары:

Дамудың сызықтық үлгісінен циклдік моделіне көшу (жабық экономика).

Экологиялық принциптерді салық, бюджет саясаты мен бизнес‑процестермен интеграциялау.

Өндіріс процесінің бір бөлігі ретінде қалдықтарды өңдеу жүйесін дамыту.

Ормандарды көміртекті сіңіретін әсері бар экономикалық активтер ретінде пайдалану.

Төмен көміртекті бизнес үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін енгізу.

ESG факторларын ескере отырып, ауыл шаруашылығы секторын субсидиялау, зиянды тыңайтқыштарды жою.

Экологиялық таза өндірістер құру және инновациялық технологияларға инвестиция құю.

ҚМГ дамуының басымдықтары

ҚМГ өзінің экономикаға, қоғамға және қоршаған ортаға қаншалықты ықпал ететінін түсінеді және негізгі бизнес‑процестеріне тұрақты қағидаттарды енгізуге ұмтылады. 2024 жылы Компания:

  • 2060 жылға дейінгі төмен көміртекті дамудың жаңартылған бағдарламасын бекітті;
  • ЖЭК дамытуды қоса алғанда, көміртегі ізін азайту жобалары бойынша жұмысты жалғастырды;
  • өндірістік процестерде экологиялық стандарттарды жақсарту стратегияларын әзірледі;
  • Париж келісімі сияқты халықаралық экологиялық бастамалармен өзара байланысты кеңейтті.

Бәсекелестікті талдау

ҚМГ Қазақстанның мұнай‑газ секторында басты позицияны иеленеді және бірқатар стратегиялық артықшылығының арқасында әлемдік нарықта табысты бәсекеге түсе алады:

Ресурстық база және активтерді бақылау: ҚМГ — елдегі ең ірі мұнай және газ өндірушісі (мұнай өндірудегі үлесі – 27%, газ өндіруде – 16%), жетекші кен орындарында (Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған) үлесі бар.

Интеграцияланған құн тізбегі: компания барлау мен өндіруден бастап көмірсутекті өңдеу, тасымалдау және сатуға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Бұл шығынды азайтады және баға тәуекелін төмендетеді.

Экспорттық инфрақұрылым: ҚМГ экспорттың негізгі бағыттарын бақылайды – КҚК (экспорттың 81%), Атырау ‑ Самара, Атасу ‑ Алашанькоу, Ақтау порты арқылы теңізбен тасымалдау.

Мемлекеттік қолдау. Ұлттық оператор ретінде ҚМГ стратегиялық жобаларға қатысады және тікелей келіссөз жүргізу негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын алуға басым құқығы бар.

Қаржы тұрақтылығы: жоғары өтімділік, шығынды бақылау және соның ішінде халықаралық капитал нарығына шығуға мүмкіндігінің болуы (LSE, AIX, KASE).

2024 жылы мұнай мен конденсаттың дәлелденген қорының (1P) еселігіҚМГ қорларын бағалау 2024 жылдың жағдайы бойынша, қалған компаниялар – 2023 жылдың жағдайы бойынша, жыл
Компания 2024 жылы мұнай мен конденсаттың дәлелденген қорының (1P) еселігі
ҚМГ 15 (2024)
BP plc 9
TotalEnergies SE 10
Exxon Mobil Corporation 13
Eni S.p.A. 11
Chevron Corporation 9
Petrobras 11
Shell plc 9
Equinor ASA 7
Дереккөз: Компаниялардың деректері

2024 жылдың аяғында дәлелденген мұнай мен конденсат қорының (1P) еселігі 15 жылды құрады, бұл ірі халықаралық мұнай компаниялары арасындағы орташа көрсеткіштен (шамамен 11 жыл) едәуір асып түсті. ҚМГ‑ның дәлелденген және ықтимал қорлардың еселігі (2P) 25 жылға тең, бұл Компанияның ұзақ мерзімді тұрақтылығын растайды.

2024 жылы Қазақстанда мұнай мен конденсат өндіру көлемі
Дереккөз: Компанияның бағалаулары; «Қазақстан Республикасы отын‑энергетика кешенінің ахуалдық‑талдамалық орталығы» АҚ