Қоршаған ортаны қорғау
Басқару тәсілі: негізгі бағыттар мен іс‑шаралар
Бастамалар мен бағдарламаларға қатысу
Көрсеткіш | 2022 | 2023 | 2024 |
---|---|---|---|
NОx шығарындылары, КСШ өндірудің 1 мың тоннасына, тонна | 0,31 | 0,35 | 0,39 |
SОx шығарындылары, КСШ өндірудің 1 мың тоннасына, тонна | 0,21 | 0,23 | 0,23 |
Мұнай құрамындағы ілеспе газды жағу қарқындылығы, КСШ өндірудің 1 мың тоннасына, тонна | 1,5 | 1,4 | 1,45 |
Денсаулық сақтау, өнеркәсіптегі қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі менеджмент жүйесі Қазақстан Республикасы заңнамасының, сондай‑ақ ISO 14001 және ISO 45001 салалық және халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленген, үздік әлемдік тәжірибелер мен тәсілдерді, Халықаралық мұнай және газ өндірушілер ұсынымдарын пайдалана отырып, көшбасшылық, тәуекелдерді басқару және үздіксіз даму сияқты іргелі принциптерге негізделетін он негізгі компоненттен тұрады.
2006 жылдан бастап ҚМГ‑да ISO 9001, ISO 14001 және ISO 45001 талаптарына сәйкес сапа, қоршаған ортаны қорғау, денсаулықты сақтау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында басқарудың интеграцияланған жүйесі енгізілді. Едәуір деңгейде энергия тұтынатын еншілес және тәуелді ұйымдар ISO 50001 стандартына сәйкес сертификатталған. Интеграцияланған басқару жүйесінің тиімділігін тәуелсіз аудиторлар үнемі растап отырады.
Менеджмент жүйесін жетілдіру мақсатында ҚМГ Денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйесі бойынша ISO 45001 халықаралық стандартының талаптарына сәйкестігіне сертификатталады.
ҚМГ өз қызметінің сипаты мен ықпал ету ауқымын түсінеді, табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудің, Компания қызметінің барлық бизнес‑бағыттарында еңбек ететін персоналдың және жұмысын жүргізетін өңірлердегі халықтың денсаулығын қорғаудың, сондай‑ақ қолайлы қоршаған ортаны сақтаудың маңызын алға тартады.
Компания өз қызметінің экологиялық қауіпсіздігін арттыруда едәуір жұмыс атқарды. Бұл тиімді ішкі стандарттарды енгізумен, менеджмент жүйесін үнемі жетілдірумен байланысты болды. Компания өз алдына теріс экологиялық әсер етуді болдырмауға бағытталған «нөлдік нәтиже» мақсатын қойды.
(2023 жылы — 1 145 мың тонна)
Жыл | SO X шығарындыларының қарқындылығы | NO X шығарындыларының қарқындылығы | Шикі газды жағу қарқындылығы | Шикі газды утилизациялау деңгейі, % |
---|---|---|---|---|
2022 | 0,21 | 0,31 | 1,5 | 98,8 |
2023 | 0,23 | 0,35 | 1,4 | 98,9 |
2024 | 0,23 | 0,39 | 1,45 | 98,9 |
Қаупісіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін басқару жөніндегі мақсаттар ҚМГ компаниялар тобының даму стратегиясымен тікелей байланысты. ҚМГ‑ның 2031 жылға дейінгі Даму стратегиясы экологиялық жауапкершілікті арттыру жөніндегі стратегиялық бастамаларды көздейді. ҚМГ компанияларының тобы үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы басым бағыттар атмосфералық ауаға бөлінетін шығарындыларды басқаруды және газды факелде жағуды қысқартуды, сондай‑ақ су ресурстарын, өндіріс қалдықтарын тиімді басқаруды және жерді қалпына келтіруді қамтиды.
Компания экологиялық жауапты бизнес жолымен жүруді жалғастыра келе, қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесін дамытады, осы мәселе бойынша барлық мүдделі тараптармен диалог жүргізеді, осылайша компанияның Экология саясатында көрсетілген өз міндеттемелерін орындайды.
«Таза Қазақстан» экологиялық ақциясы
Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 2024 жылдан бері бүкіл республика бойынша «Таза Қазақстан» атты ауқымды экологиялық акция өткізіліп келеді. ҚМГ компаниялар тобы бұл акцияға белсенді қатысады. Іс‑шаралар жоспары бес негізгі блоктан тұрады, олар экобастамаларды таратуды, «Green» mindset қызметкерлерінің экомәдениетін енгізуді, экоқоғамды қалыптастыруды және экоакцияны кеңінен насихаттауды қамтиды.
Жоспардың негізгі тармақтарының бірі – «елді мекендерді тазарту жөніндегі іс‑шаралар». Осыған байланысты ҚМГ компаниялар тобы бойынша сенбіліктер кестесі бекітілді, оларға 34 компанияның бірінші басшыларымен бірге 2 800‑ден астам қызметкер, соның ішінде Астана қаласының, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының ҚМГ еншілес кәсіпорындарының қызметкерлері қатысты.
Көгалдандыру жобалары
ҚМГ ағаш отырғызу бойынша ауқымды экологиялық акцияға белсене қатысады және елді көгалдандыруға өз үлесін қосып келеді. 2024 жылы сәуір айының басында ҚМГ‑ның қаржылай қолдауымен Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 15 мың гектар алқапқа шамамен 4,5 млн сексеуіл көшеттері отырғызылды.
Сонымен қатар ҚМГ компаниялар тобы 2024 жылы жоспарға сай 88 925 ағаш отырғызуы тиіс еді, көгалдандыруды ұлғайту бойынша қосымша шаралар жасалды. Нәтижесінде ҚМГ компаниялар тобы 2024 жылы 97 218 ағаш пен бұта отырғызды.
12 қазанда бір мезгілде ағаш отырғызу науқаны аясында ҚМГ компаниялар тобы 12 мыңнан астам ағаш екті, соның ішінде ҚМГ‑ның корпоративтік орталығы Астана қаласындағы № 111 мектептің периметрі бойынша 3 метрлік 125 қарағай және кеңсенің жанында 5 ағаш отырғызды. Акцияға 28 еншілес және тәуелді ұйымның бірінші басшылары және 1,4 мыңнан астам қызметкері қатысты.
Фандомат пайдалану
Сонымен қатар ҚМГ‑ның корпоративтік орталығында пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды фандоматқа қабылдау бастамасы қолға алынды. Пластмассаны жаппай тапсыру үшін 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап фандоматты белсенді пайдалануға бағытталған байқау жарияланды. Конкурстың мақсаты – бөтелкелерді өңдеуге жіберу үшін оны қабылдау автоматы, яғни фандоматтарды пайдалануды кеңінен насихаттау. Сонымен бірге қалдықтарды бөлек жинауға ынталандырып қана қоймай, қызметкерлер арасында экологиялық жауапкершілікті тәрбиелеу де маңызды міндет болды. Фандомат 2023 жылдың ақпанында орнатылған сәттен бастап барлығы 45 777 пластик бөтелке мен 11 601 алюминий банка қабылданды. Тапсырылған ыдыстың жалпы саны – 54 378 дана.
«Жасыл» кеңсе
Компания барлық ресурсты үнемді пайдалануға және экологиялық тазалықты қамтамасыз етуге бағытталған «Жасыл кеңсе» қағидаттарын ұстанады. ҚМГ‑ның корпоративтік орталық ғимаратында қалдықтарды бөлек жинауға арналған экожәшіктер орнатылды, қоймада люминесцентті лампаларды қабылдау мен арналған шкаф қойылды, электрондық құжат айналымы енгізілді, велосипедтерді қою үшін және электр автомобильдеріне арналған қуаттау станциялары үшін арнайы орындар белгіленді.
2024 жылы 7 тамызда ҚМГ‑да экосананы дамытуға бағытталған шеберлік сағаты өткізілді. Семинарға компанияның 120‑дан астам қызметкері қатысып, маңызды экологиялық тақырыптарды көтерді: ресурстарды тұтынуды азайту, тұрмыстық қалдықтардың пайда болуы, қалдықтарды бөлек жинау. Іс‑шара аясында кітап алмасу жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге еріктілер бастамашы болды.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы басым жобалар
Тарихи жиналған ластануларды жою
Бұрыннан жиналған ластануларды, сондай‑ақ қоршаған ортаға теріс әсер ету көздерін жою (жұмыс істемейтін ұңғымалар, сарқынды су жинағыштар, полигондар және өзге де өндірістік нысандар).
Қоршаған ортаға шығарындыларды азайту
Технологиялық шешімдерді жетілдіру жолымен қоршаған ортаға бөлінетін шығарындыларды азайту, мысалы, технологиялық пештерде отын ретінде пайдаланылатын отын мазутын отын/табиғи газға ауыстыру, жаңа буын қоспаларын пайдалану, өндірістік нысандардың аумағын көгалдандыру және абаттандыру, жабдықтарды жаңарту жөніндегі іс‑шаралар, оттықтарды ауыстыру, жабдықты пайдалану режимін оңтайландыру және жұмыс істеу уақытын қысқарту, жанатын газдарды зиянды заттардан тазалау, газды өңдеу жөніндегі өндірістік қуаттарды кеңейту, тиісті қондырғыларды салу, сондай‑ақ газдың ағып кетуін анықтау мен жөндеу жұмыстарын жедел жүргізу мақсатында мониторингті тұрақты жүргізу, кәдімгі үлгідегі резервуарларда өнімнің үстінде түзілетін бос кеңістікті жою есебінен ұшпа фракциялардың пайда болу мүмкіндігін азайту үшін резервуарларды қалқымалы қақпақтармен жабдықтау.
Автоматтандырылған экологиялық мониторингтің ақпараттық жүйесі
Ол қоршаған ортаны қорғау саласында бірыңғай ақпараттық кеңістік құруға арналған және келесі маңызды міндеттерді қамтиды: мемлекеттік органдарға қоршаған ортаны қорғау саласындағы есептілікті қалыптастыру процестерін автоматтандыру; нормативтік рұқсат беру құжаттарының дерекқорын жүргізу және қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемдерді есептеу; өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша қоршаған ортаның жай‑күйіне жедел мониторинг жүргізу.
Қалдықтарды басқару
ҚМГ‑ның өндірістік қызметі барысында өндіріс және тұтыну қалдықтары пайда болады. ҚМГ компанияларының тобында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған шаралар кешені әзірленуде және іске асырылуда, түзілген және жинақталған қалдықтардың, оның ішінде мердігер компаниялардың қалдықтарының есебі жүргізіледі, қалдықтарды қалпына келтіргенге дейін немесе жойғанға дейін оларды қауіпсіз жинақталады. 2024 жылы ҚМГ‑ның тарихи жинақталған қалдықтарды қалпына келтіруге 13,5 млрд теңге жұмсалды.
Қалдықтарды қалпына келтіру әдістерін таңдау кезінде басымдық заманауи технологияларға, оның ішінде қоршаған ортаны қайта ластамайтындарына берілетінін атап өткен маңызды.
2024 жылы ҚМГ ЕТҰ нысандарында 1 099 мың тонна тарихи қалдық утилизацияланды, олардың орны қалпына келтірілді.
2024 жылы ҚМГ компаниялар тобында қалдықтарды басқару жөніндегі корпоративтік стандарттың жобасы бекітілді. Стандартта Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қалдықтарды басқару жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде ЕТҰ жауапты тұлғаларының әр қадамы нақты көрсетілген. Стандарт – өндірістік объектілердегі қалдықтарды басқару мәселелері бойынша жұмыста басшылыққа алынатын құжат.
Қалдықтарды басқару туралы толық ақпарат Тұрақты даму туралы есепте берілген..
Активтерді шығару бойынша міндеттемелер
Мұнай‑газ активтері
Заңнамаға және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, белгілі бір келісімшарттардың талаптары бойынша ҚМГ‑ның негізгі құралдарды демонтаждау, жою және әрбір кен орнындағы жер учаскелерін қалпына келтіру бойынша заңды міндеттемелері бар. Атап айтқанда, ҚМГ міндеттемелеріне барлық өнім бермейтін ұңғымаларды біртіндеп жабу және құбырларды, ғимараттарды демонтаждау мен келісімшарттық аумақты қалпына келтіру, сондай‑ақ пайдаланудан шығару сияқты қызметті түпкілікті тоқтату және өндіріс учаскесіндегі қоршаған ортаны ластауға жол бермеу жөніндегі міндеттемелер бойынша шаралар қабылдау жатады.
Компания активтерді шығару бойынша міндеттемелерді әрбір келісімшарт бойынша жеке‑жеке есептейді. Міндеттеме сомасы — инфляцияның болжамды деңгейіне түзетілген және өтпелі экономикасы бар елдердің мемлекеттік борышы бойынша Қазақстан нарығына тән тәуекелдерге түзетілген орташа ұзақ мерзімді тәуекелсіз пайыздық мөлшерлемелерді пайдалана отырып, дисконтталған міндеттемелерді өтеу үшін талап етілетін бағаланған шығындардың ағымдағы құны.
2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Компанияның мұнай‑газ активтерін тарату жөніндегі міндеттемелерге арналған резервтің баланс құны 142 млрд теңгені (2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша – 124 млрд теңге) құрады.
толығырақ Шоғырландырылған қаржылық есебінің 4-ескертпесінде..
Магистральды мұнай құбырлары және газ құбырлары
2012 жылдың 4 шілдесінде күшіне енген Қазақстан Республикасының «Магистральдық құбыр туралы» Заңына сәйкес «ҚазТрансОйл» АҚ‑ның (ҚТО) магистральды құбырды пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін жою және кейіннен қоршаған ортаны қалпына келтіру, оның ішінде жерді рекультивациялау жұмыстарын жүргізу бойынша заңды міндеттемесі бар. Құбырларды жою және жерді рекультивациялау жөніндегі міндеттемеге арналған резерв ҚМГ‑ның демонтаж және рекультивациялау жұмыстарының құнына жүргізген есебінің негізінде бағаланады. 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ҚМГ компаниялар тобының құбырларды жою және тиісті жерлерді рекультивациялау жөніндегі міндеттеме бойынша резервінің баланс құны 37 млрд теңгені (2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша — 46 млрд теңге) құрады.
толығырақ Шоғырландырылған қаржылық есебінің 4-ескертпесінде.
Экологиялық оңалту
ҚМГ сондай‑ақ экологиялық тазарту жұмыстары мен оңалтуға арналған міндеттемелер бойынша резервтерді қалыптастыру бойынша бағалау жүргізеді және өз пайымын шығарады. Қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатын шығын болашақ экономикалық пайдаға қарай және оған қатысты себептерге байланысты капиталдандырылады.
Компанияның экологиялық оңалтуға арналған резерві ҚМГ компаниялар тобының қолданыстағы қазақстандық және еуропалық нормативтік базалардың талаптарын орындауы үшін қажет шығындардың тәуелсіз бағасына негізделген басшылықтың тиімді бағасын білдіреді. 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша экологиялық міндеттемелер бойынша резервтегі баланс құны 42 млрд теңгені құрады (2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша — 39 млрд теңге).
толығырақ Шоғырландырылған қаржылық есебінің 35-ескертпесінде.
Су ресурстарын қорғау
Су – ҚМГ‑ның барлық өндірістік процестерінің ажырамас бөлігі. ҚМГ БҰҰ‑ның жаһандық шартының қағидаттарын ұстанады және өз қызметіне тұрақты даму мақсаттарын интеграциялайды. Компания барлық 17 ТДМ‑ды ұстанады, солардың бірі – № 6 мақсат «Таза су және санитарлық тазалық». Компания өз қызметінде су тұтыну көлемін қысқартуға, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға, суды қайталап және айналым суын пайдалануды ұлғайтуға, ағын сулардың сапасын арттыруға және табиғи су объектілеріне әсерін барынша азайтуға ұмтылады.
ҚМГ – көмірсутектерді өндірумен, тасымалдаумен және өңдеумен айналысатын вертикалды интеграцияланған компания болғандықтан, барлық процестер судың едәуір мөлшерін талап етеді. ҚМГ суды жерүсті, жерасты көздерінен, муниципалдық сумен жабдықтау жүйелерінен және Каспий теңізінен алады. ҚМГ кәсіпорындарының сарқынды суларының негізгі қабылдағышы (және соңғы пункті) келесідей түрлі мамандандырылған қабылдағыштар: жинағыш тоғандар, булану алаңдары және сүзу алаңдары. Бұл нысандар – сарқынды суларды табиғи тазартуға және қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге арналған техникалық құрылыстар. Өздерінің жинақтағыштары жоқ кәсіпорындар суды тазарту мен утилизациялау үшін су ағындарын мамандандырылған компанияларға береді. Экологиялық заңнамада белгіленген ағызылатын су сапасының нормативтеріне сарқынды суларды тазартудың механикалық және биологиялық әдістерін пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Алайда жерүсті табиғи су қоймаларына ағынды су ағызылмайды.
Компанияның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – тазартылған ағынды суларды технологиялық процеске қайтару, жасыл желектерді суару үшін пайдалану, салынып жатқан алаңдар мен жолдардағы шаңды басу арқылы қайта пайдалану көлемін арттыру.
ҚМГ WRI World Resources Institute — Әлемдік ресурстар институты. Aqueduct су стрессінің көрсеткішіне сәйкес Каспий теңізінің, Сырдария және Орал өзендерінің бассейндеріне жататын су тапшылығы жоғары өңірлерде орналасқан компанияның өндірістік объектілеріне талдау және есепке алуды жүргізеді.
ҚазМұнайГаз 2024 жылғы желтоқсанда дайындалған RAEX агенттігінің бірінші ESG‑рейтингінің қорытындысы бойынша су ресурстарын ұтымды пайдалану саласындағы көшбасшы компаниялар тізіміне енді, оның аясында Ресей, Қазақстан және Моңғолияның 144 компанияның су пайдалану көрсеткіштері қаралды. Су тұтыну статистикасы ғана емес, сонымен қатар корпоративтік саясаттар мен бағдарламалардың сапасы, суды пайдаланумен байланысты тәуекелдерді анықтау, сондай‑ақ оларды азайту шаралары туралы ақпарат бағаланды.
Суды ұтымды пайдаланудың жоғары және өте жоғары деңгейін көрсететін компаниялардың саны өте аз. Оның құрамына 144 компанияның 21‑і ғана кіреді, ал ҚазМұнайГаз кірген бірінші топқа небәрі он компания еніп отыр.
«TAZALYQ» жобасы
«Tazalyq» жобасы – қазіргі уақытта АМӨЗ жүзеге асыратын табиғатты қорғау бағытындағы негізгі іс‑шаралардың бірі. Жоба булану өрістерін, механикалық және биологиялық тазарту құрылыстарын реконструкциялауды және толық тазарту қондырғысын салуды көздейді. Жоба ағынды суларды тазарту сапасын арттыру және тазарту қондырғыларының ашық алаңдарынан атмосфераға зиянды булануды тоқтату және булану өрістерінен қоршаған ортаға бөлінетін зиянды әсерді азайту арқылы экологияға айтарлықтай әсер етеді.
Осы жоба аясында механикалық тазарту құрылыстарының өнімділігін екі есеге арттыру көзделген. Сондай‑ақ АМӨЗ‑дің сарқынды суларын АМӨЗ‑ге тиесілі булану алаңдарына ағызуға қолданған ашық каналдың орнында АМӨЗ‑ден қалалық кәріз‑тазарту құрылыстарына дейін құбыр салынды, сол арқылы қоршаған ортаға зиянды заттардың бөлінуіне жол берілмейді.
Ағынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау жобасын іске асырудың екі кезеңі аяқталды және пайдалануға берілді. Біріншісі – 2023 жылдың соңында, екіншісі — 2024 жылдың мамырында берілді. Нәтижесінде механикалық тазарту қондырғыларының өнімділігі сағатына 1000 текше метрге дейін өсті, мұнай шламын өңдеу көлемі айына орта есеппен 12 мың текше метрге жетті. Ашық бассейндер жойылды, соның арқасында ашық ыдыстардан көмірсутек буларының булану деңгейі барынша азайтылды. Сондай‑ақ АМӨЗ‑дің булану алаңдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, олар бірнеше кезеңнен тұрады: булану алаңдарын құрғату, қамыс шабу, топырақты терең жырту, биопрепаратпен өңдеу, сондай‑ақ үш кезеңдік қалпына келтіру.
«Астрахань — Маңғышлақ» магистральды су құбыры
«Астрахань – Маңғышлақ магистральды су құбырын реконструкциялау және кеңейту, 1‑кезек» атты су жобасы 2023 жылдың желтоқсанында аяқталды.
Жоба «Астрахань — Маңғышлақ» магистральды су құбырының өткізу қабілетін тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін ұлғайту және Атырау мен Маңғыстау облыстарының халқын, ауыл шаруашылық өнім өндірушілерін, өнеркәсіптік және мұнай‑газ өндіруші кәсіпорындарын сумен қамтамасыз ету үшін тозған жабдықтарды жаңарту мақсатында іске асырылды. Модернизациялау кезінде «Астрахань — Маңғышлақ» магистральды су құбырының ұзындығы шамамен 177 км болатын екі учаске ауыстырылды. Су құбыры — Атырау облысының Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының тұтынушылары үшін, сондай‑ақ Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Тұлпараған аудандары үшін орталықтандырылған жалғыз су көзі. Жыл сайын халықтың су тұтыну көлемі 4‑5%‑ға артып отырады.
Қаражанбас кен орнында қабат суын тұщыту зауыты
«Қаражанбасмұнай» АҚ‑ның Қаражанбас кен орнында қабат суын тұщыту зауыты іске қосылды, оның мақсаты — кен орнын сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу. Зауыт толық қуатқа шыққан кезде қабат суын өңдеу тәулігіне 42,5 мың м3 болады, бұл ретте тазартылған су өндіру тәулігіне 17 мың м3 жетеді. Бұл едәуір су мөлшерін өңір халқының мұқтаждығына жолдауға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысының «Кендірлі» демалыс аймағының маңында су тұщыту қондырғыларын салу
«Кендірлі» демалыс аймағында қуаты тәулігіне 50 мың м3 теңіз суын тұщытуға мүмкіндік беретін зауыттың құрылысы басталды. Бұл жоба Жаңаөзен қаласының тұрғындары үшін ауыз су тапшылығы проблемасын шешуге мүмкіндік береді, сондай‑ақ туризмді, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамытуға мультипликативті әсер етеді. Негізгі құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Инженерлік инфрақұрылымды салу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңаөзенге тұщы су беру үшін магистральды су құбырын салу (201 км), ұзындығы 40 км электр беру желісінің (83 км) және автожолдың құрылысы аяқталды. Газ құбырын (46 км) монтаждау 97%‑ға орындалды. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі.
ҚМГ-да су пайдалану және іске асырылатын жобалар туралы толығырақ ақпарат Тұрақты даму туралы есепте берілген.
Carbon Disclosure Project
Компания 2020 жылдан бастап өзінің су ізін есептейді және су ресурстарын басқару ақпаратын Су қауіпсіздігі жөніндегі сауалнама шеңберінде Carbon Disclosure Project алаңында жариялайды.
2024 жылы жарияланған сауалнаманың қорытындысы бойынша 2023 жылы ҚМГ компаниялар тобында су ресурстарын басқару аясында жүргізген жұмыстары жоғары бағаланып, CDP су қауіпсіздігі бойынша «В» рейтингі берілді (бұрын CDP рейтингі «С» деңгейінде бағаланған).