Басқарма төрағасының үндеуі

Компания өзінің өндірістік қызметінің оң тұрақтылығын қамтамасыз ете алды
Асхат Хасенов
Асхат Хасенов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы
Құрметті акционерлер, инвесторлар және серіктестер!

2024 жылы Компания Қазақстанның ұлттық мұнай‑газ операторы ретінде стратегиялық бағытын ұстана отырып, өзінің өндірістік қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етті және серпінді жобаларын іске асыруда бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асыра алды. Есепті 2024 жылы ҚМГ‑ның бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардағы үлесін қоса алғанда, мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 1,3%‑ға өсіп, 23,8 млн тоннаға жетті. Мұнайды құбыр және теңіз арқылы тасымалдаудың жиынтық көлемі 3,9%‑ға өсіп, 83,5 млн тонна болды. Қазақстанның және Румынияның мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 19,2 млн тоннаны құрады.

Есепті жылы Brent маркалы мұнайдың орташа әлемдік бағасының 2,3%‑ға және KEBCO маркасының бағасы 1,2%‑ға төмендегеніне куә болдық. Бұл ретте басты қаржылық көрсеткіштердің динамикасы негізінен оң нәтиже көрсетті. Айталық, компанияның таза пайдасы 18,1%‑ға артып, 1 094 млрд теңгені құраса, бос ақша ағымы көрсеткіші 1 199 млрд теңгеге жетіп, 21,8%‑ға өсті. 2024 жылы маусым айында Компания өз акционерлеріне екінші жыл қатарынан 300 млрд теңге немесе бір жай акцияға шаққанда 491,71 теңге мөлшерінде рекордтық жоғары дивидендтер төледі.

Геологиялық барлау

Компанияның операциялық мұнай активтері портфелінде ескі кен орындарының үлесі көп екенін ескере отырып, ҚМГ өзі және халықаралық серіктестерімен ынтымақтастықта іске асырылып жатқан геологиялық барлау жобаларын жан‑жақты дамытуда.

2024 жылы мамыр айының соңында Қызылорда облысында жобалық тереңдігі 5500 м Торғай палеозой барлау ұңғымасын бұрғылау басталды. Есепті жылдың қараша айының соңында «Татнефть» компаниясымен бірлесіп, Атырау облысында орналасқан Қаратон подсолевой учаскесінде жобалық тереңдігі 5 500 м барлау ұңғымасын бұрғылау жұмыстары басталды. Есепті жылы Ақтөбе облысында Қаражар жобасы бойынша барлау мен өндіруге келісімшарт қабылданды және желтоқсан айында тереңдігі 3 000 м іздеу ұңғымасын бұрғылау басталды. Сондай‑ақ, есепті жылдың желтоқсан айында Атырау облысындағы Тайсойған жобасында іздеу ұңғымаларын бұрғылау басталды, онда геологиялық барлаудың бірінші кезеңі аясында тереңдігі 400 метрден 3800 метрге дейінгі сегіз іздеу ұңғымасын бұрғылау жоспарда. Жоғарыда аталған ұңғымаларды бұрғылау және оларға сынақ жүргізуді аяқтау 2025 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар құны 6,4 млрд АҚШ доллары тұратын Қаламқас‑Теңіз ірі геологиялық барлау жобасы бойынша жұмыс едәуір ілгерілгенін айтып өткен жөн. Қазіргі кезде жобалық құжаттама (FEED, Front End Engineering Design кезеңі) әзірленіп жатыр. Бұл жоба Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан және «ЛУКОЙЛ» компаниясымен бірге іске асырылуда. Болжамды жылдық көлемі өндіру ісі қызған шақта 4 млн тонна мұнай немесе тәулігіне 80 мың баррель шамасында болмақ.

6,4 млрд АҚШ доллары
Қаламқас‑теңіз жобасының құны

Жер қойнауын геологиялық зерттеу инвестициялық жобасы аясында Солтүстік Өзен, Жарқын, Болашақ (Маңғыстау облысы) және Березовский (Батыс Қазақстан облысы) учаскелерінде даладағы сейсмикалық барлау жұмыстары және деректерді өңдеу мен түсіндіру іс‑шаралары аяқталды. Келісімшарттар алу және стратегиялық серіктестерді тарту іс‑шаралары жоспарланып отыр, бұл ретте Болашақ учаскесі бойынша стратегиялық серіктес анықталып қойды.

Көмірсутек өндіру

Есепті жылы өндіру көлемі 1,3%-ға өсіп, 23,8 млн тоннаға жетті. 2023 жылмен салыстырғанда есепті жылы бұл көрсеткіштің өсуіне 2023 жылдың соңында Доңға кен орнын сатып алу, Өзенмұнайгазда өндіру көлемінің 221 мың тоннаға ұлғаюы, сондай-ақ Рожков кен орнында жаңа ұңғымаларды пайдалануға берудің нәтижесінде өндірістің 110 мың тоннаға артуы елеулі үлес қосты.

Теңіз кен орнындағы ірі инвестициялық жоба аяқталып қалды. 2024 жылы сәуірде Сағалық қысымды басқару жобасының нысандарын пайдалануға беру жұмыстары басталды, ал Болашақ кеңейту жобасы (БКЖ) 2025 жылы қаңтар айында жаңа үшінші буын зауытында шикі мұнай өндіріле басталды. Қазіргі уақытта Болашақ кеңейту жобасын толық қуатына шығару мақсатында өндірісті кезең‑кезеңімен ұлғайту жүріп жатыр. ҚМГ үлесіне өсім 2,4 млн тонна мұнайды құрайды деп күтіледі.

1,3 %
2024 жылы көмірсутек өндірісінің өсуі

Ескі кен орындарында мұнай алу коэффициентін арттыру үшін озық технологиялар жан‑жақты зерттеліп, өндіріске енгізіліп жатыр. Соның ішінде полимерлі суландыру, қабатты көп сатылы сумен жару әдісі, қабатты радиалды ашу және басқа да технологиялар бар. Оларды енгізу 25 жыл ішінде қосымша 60 млн тоннадан астам мұнай өндіруге мүмкіндік береді деп күтіледі, бұл ескі кен орындарды пайдаланудың экономикалық тиімділігін айтарлықтай өсіреді.

Мұнай тасымалдау

Компания қолданыстағы мұнай тасымалдау жүйелерінің жүктемесін арттыру, сондай‑ақ экспорттық бағыттарды әртараптандыру жөніндегі жұмысты жалғастыруда.

2024 жылы Ақтау портынан Баку‑Тбилиси‑Джейхан бағытына қарай мұнай жөнелту көлемі 34%‑ға артып, 1,4 млн тоннаға жетті. Сонымен қатар «Атырау‑Самара» мұнай құбыры арқылы және одан әрі «Транснефть» құбырлары арқылы Германияға мұнай тасымалдау 1,5 млн тоннаға ұлғайды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 50 %‑ға көп. Бұл ретте Каспий құбыр консорциумының (КҚК) құбыры елдің басты экспорттық бағыты болып қала береді. Каспий құбыр консорциумы арқылы 2024 жылы Қазақстан мұнайының 55,7 млн тоннасы тасымалданды, бұл жалпы экспорт көлемінің 81% ‑ын құрайды.

55,7 млн тонна мұнай
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданды

Өңдеу және маркетинг

Есепті жылы ҚМГ‑ның Қазақстандағы төрт мұнай өңдеу зауыты тұрақты жұмыс істеп, елдің ішкі нарығына жанар‑жағармай материалдарын тұрақты жеткізе отырып, қамтамасыз етті. ҚМГ үлесіне есептегенде Қазақстанда бензин өндірісі 1%‑ға артып, 4,3 млн тонна болса, дизель өндірісі 2,1%‑ға өсіп, 4,4 млн тоннаға жетті.

1 %
2024 жылы бензин өндірісінің өсуі
2,1 %
2024 жылы дизель өндірісінің өсуі

2024 жылы үш мұнай өңдеу зауытында жеңіл мұнай өнімдерін өндіру көлемін 370 мың тоннаға ұлғайту бойынша біраз жұмыс атқарылды. Компания алдағы уақытта жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жобасы аясында жобалау алдындағы техникалық‑экономикалық құжаттаманы түзету аяқталды, ал 2025 жылы техникалық‑экономикалық негіздемені әзірлеу кезеңіне көшу жоспарда. Сондай‑ақ, қазіргі уақытта жол битумын өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік беретін Caspi Bitum зауытының өңдеу қуатын жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Жоба 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Мұнай‑газ химиясы

Арзан шикізат алу мүмкіндігін пайдаланып және мұнай‑газ химиясы өнімдеріне жаһандық сұраныстың өсу болжамдарына сүйене отырып, ҚМГ бүкіл ел үшін мультипликативтік әсер әлеуеті жоғары болатын мұнай‑газ химиясы бағытын жан‑жақты дамытып жатыр.

2024 жылы өзара байланысты Газ сепарациялық кешен салу және Полиэтилен мұнай‑газ химиясы жобалары бойынша түпкілікті инвестициялық шешімдер қабылданды. Есепті жылдың қыркүйек айында Атырау облысындағы арнайы экономикалық аймақ аумағында қуаты жылына 1,25 млн тонна және инвестиция көлемі шамамен 7,4 млрд АҚШ доллары болатын полиэтилен өндіретін зауыттың ерте құрылыс жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда пиролиз, полимерлеу, логистикалық кешен қондырғыларының аумақтарында инженерлік дайындық іс‑шаралары аяқталды, зауыттың жалпы шаруашылық нысандар алаңдарында жұмыс жалғасуда.

KPI интеграцияланған газ‑химия кешені есепті жылы жалпы көлемі 249 мың тонна полипропиленнің 10 маркасын шығарды, оның 230 мың тоннасы Қытайға, Еуропаға, Түркияға және Ресейге экспортқа жөнелтілді. Ішкі нарыққа өнім жеткзудің нәтижесінде өнім импорты 2023 жылғы 34% ‑бен салыстырғанда 17%‑ға дейін төмендеді.

Жоғарыда аталған жобаларға қосымша ретінде, сондай‑ақ ҚМГ мүмкіндігін дамыта отырып, мұнай‑газ‑химия секторында тағы екі жоба жүзеге асырылмақ. Біріншісі – ішкі нарық үшін де, экспорт үшін де азот тыңайтқыштарын жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған қуаты жылына 1 млн тонна карбамид өндіретін зауыт салу. Екінші жоба – қуаты жылына 735 мың тонна полиэтилентерефталат өндіретін зауыт, ол терефтал қышқылының импортына тәуелділікті төмендетуге және ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұрақты даму

ҚМГ жаһандық бастамаларды қолдай отырып, тұрақты даму және өндірістегі көміртегі сыйымдылығын үдемелі төмендету бағытындағы жұмысты күшейтеді. Компания жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы жобаларды белсенді дамытуда. 2024 жылы шілде айында Eni‑мен бірлесіп, қуаты 247 МВт гибридті электр станция сының құрылысы басталды, ал желтоқсан айында күн электр станция сының аумағында ерте құрылыс жұмыстары аяқталып, негізгі жабдықты орнату бойынша құрылыс‑монтаж жұмыстары басталды. Жоба 2026 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтіледі.

Жаһандық климаттық күн тәртібі аясында және ҚМГ‑ның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұлттық мақсаттарды қолдау үшін 2031 жылға қарай СО 2 шығарындыларын 15%‑ға және 2060 жылға қарай 2019 жылғы деңгейден 64%‑ға қысқартуды көздейтін төмен көміртекті дамудың 2060 жылға дейінгі жаңартылған бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаны іске асыру энергия тиімділігін арттыру, ЖЭК дамыту, метан шығарындыларына мониторинг жүргізу және басқа да негізгі бағыттарды көздейді.

2023 жылы желтоқсанда ҚМГ OGMP 2.0 (The Oil & Gas Methane Partnership) мұнай‑газ компаниялары деңгейінде метан шығарындылары бойынша есеп беру жөніндегі бастамаға қосылғанын, ал 2024 жылы мамырда OGMP 2.0 платформасында метан шығарындылары бойынша өзінің алғашқы есебін тапсырғанын атап өткен маңызды.

ҚМГ қызметкерлерінің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және өз жұмысын жүргізетін өңірлердегі халықтың денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Есепті жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиға салдарынан зардап шеккендердің саны 28%‑ға, жол‑көлік оқиғаларының саны 68%‑ға төмендеді.

Салық төлеу міндеттемелері туралы айтсақ, Компания бірлескен кәсіпорындарды қоса алғанда, 2024 жылы ел бюджетіне салық және басқа да міндетті төлемдер түрінде 1 995 млрд теңге аударды. Сонымен қатар, ҚМГ бірқатар әлеуметтік маңызды жобаларды іске асырды, соның ішінде Орал қаласында 1200 адамға арналған көрермен трибунасы бар, жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асатын көпфункционалды спорт кешені. Заманауи кешеннің ашылу салтанаты есепті жылдың желтоқсан айында өтті. Жобаны жалпы құны 19,9 млрд теңге болды.

1 995 млрд теңге
салық төленді

Қорытынды

Сөзімді қорытындылай келе, біріншіден компаниямыздың әрбір қызметкеріне және ортақ ісімізге бей‑жай қарамай, жасампаз ісімен үлес қосқан барша жанға алғыс білдіремін. Ұлттық компанияның ұжымы 2024 жылы елеулі нәтижелерге қол жеткізе алды және болашақта біз бұдан да үлкен істерді атқаратынымызға сенімдімін.

Асхат Хасенов,

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы