Сабақтастық, лауазымға кіріспе және біліктілікті арттыру
Компанияда 2021‑2024 жылдарға арналған Директорлар кеңесі мүшелерінің сабақтастығын қамтамасыз ету саясаты және Сабақтастық жоспары әзірленіп, бекітілді.
ҚМГ‑де Директорлар кеңесі 2017 жылы бекіткен ҚМГ Директорлар кеңесінің жаңадан сайланған мүшелері үшін лауазымға енгізу бағдарламасы (бұдан әрі ‑ Бағдарлама) қолданылады. Директорлар кеңесінің 2020 жылғы маусымдағы шешімімен Бағдарлама Компанияның функционалды блоктарының басшыларымен кездесулер, сондай‑ақ Директорлар кеңесі комитеттерінің төрағаларымен кездесулер өткізу қажеттілігі туралы тармақпен толықтырылды. Корпоративтік хатшы Бағдарламаның орындалуына, яғни Директорлар кеңесінің жаңадан сайланған мүшелерінің онда көзделген барлық іс‑шаралардың іс жүзінде өтуіне мониторинг жүргізеді. Бағдарлама шеңберінде құжаттарды жаңарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. 2024 жыл ішінде Бағдарламаға сәйкес лауазымға кіріспе рәсімінен ҚМГ Директорлар кеңесінің жаңадан сайланған мүшесі – ҚМГ Басқарма төрағасы А.Ғ.Хасенов өтті.
ҚМГ‑да 2013 жылы Директорлар кеңесінің шешімімен бекітілген «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесі мүшелерінің біліктілігін арттыру және сыртқы сарапшыларды «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің мүшелігіне тарту жөніндегі саясат қолданылады.
Директорлар кеңесінің 2024 жылғы 5 маусымдағы шешімімен (№ 14/2024 хаттама, № 7 сұрақ) Директорлар кеңесінің 2023 жылғы 6 желтоқсандағы шешімімен бекітілген 2023‑2024 жылдарға арналған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесі мүшелерінің кәсіби даму бағдарламасына өзгерістер енгізілді (№ 24/2023 хаттама, № 8 сұрақ). Бұл ретте Директорлар кеңесінің мүшелері өз біліктілігін үздіксіз жетілдіріп отырады және өткен тренингтер туралы мәліметтерді ұсынып, бұл ақпарат компанияның веб‑сайтында орналастырылады.