Директорлар кеңесі төрағасының үндеуі
ҚМГ барлық стейкхолдер мүддесіне сай келетін межеленген стратегиялық мақсаттарға қол жеткізеалды
Ернат Бердіғұлов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы
2024 жылы Қазақстанның мұнай‑газ саласы мен Компанияның қызметіне көптеген жаһандық макрофакторлар әсер етті, олардың арасында геосаяси шиеленістерді, ОПЕК+ шешімдерін, Қытайдың экономикалық өсуінің баяулауын, АҚШ‑та тақтатас мұнайын өндіру көлемінің ұлғаюын және тағы да басқаларды атап өтуге болады. Әлемдік экономиканың жаһандық сын‑қатерлеріне қарамастан, ҚМГ алдына қойған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізе алды, оларды іске асыру Компанияның барлық стейкхолдерінің, соның ішінде акционерлер мен инвесторлардың, қызметкерлер мен серіктестердің, өңір тұрғындарының және тұтастай алғанда халқымыздың мүддесіне сай келеді.
Жеткілікті ресурстық базамен қамтамасыз ету
Таңдаған Даму стратегиясына (бұдан әрі ‑ Стратегия) сәйкес ҚМГ – перспективті бағыттарды дамытумен қатар дәстүрлі мұнай‑газ қызметін жүргізу үшін жеткілікті қорды ұлғайтуды қамтамасыз ететін мұнай‑газ компаниясы. Бұған органикалық өсу арқылы да, стратегиялық серіктестік пен жаңа активтерді сатып алу арқылы да қол жеткізіледі. Осыған байланысты Компания өзі дербес және басқа халықаралық мұнай‑газ компанияларымен серіктестікте іске асырылатын геологиялық барлау бастамалары мен жобаларына аса мән береді. Есепті кезеңде Торғай палеозой, Қаратон подсолевой, Қаражар және Тайсойған ұңғымаларында бұрғылау жұмыстары басталды, олардың ресурстары 800 млн тонна мұнайға тең. Қаламқас‑теңіз кен орнында жобалау жұмыстары басталды, оның өндірілетін мұнай қоры 86 млн тонна және 22 млрд м 3 газды құрайды.
Құн тізбегінің тиімділігін арттыру
ҚМГ өз қызметінің барлық негізгі бағыттарында операциялық тиімділікті қамтамасыз ете отырып, мұнай өндіру, тасымалдау, өңдеуді және мұнай маркетингін қамтитын өндірістік процестерінің қосымша құнының бүкіл тізбегінің тиімділігін арттыруға ұмтылады.
ҚМГ өзінің операциялық активтеріндегі өндіру ісін дамыту аясында энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жөндеуаралық кезеңді ұлғайту, шығынды оңтайландыру, Өзенмұнайгаз кен орындарын оңалту жобасы, Ембімұнайгаздың инвестициялық жобалары, автокөлік пен арнайы техниканы жаңарту жөніндегі іс‑шаралар, өндірісті автоматтандыру мен цифрландыру сынды бастамалар есебінен мұнай өндірудің тиімділігін оңтайландыру мен арттыруға шоғырланған.
Алдағы уақытта Теңіз кен орнында өндіріс көлемін едәуір ұлғайту жоспарланып отыр, онда қазір Болашақ кеңейту жобасын толық жобалық қуатына шығару мақсатында өндірісті кезең‑кезеңімен ұлғайту жүріп жатыр. Транскаспий бағытын дамыту үшін 2024 жылы наурыз айында ҚМГ мен SOCAR арасында мұнай тасымалдау көлемін кезең‑кезеңімен ұлғайту туралы келісімге қол қойылды, бұл келісім Баку‑Тбилиси‑Джейхан мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайының транзитін жылына 2,2 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздейді.
Компания Каспий, Қара және Жерорта теңіздері арқылы теңіз бағыттарын белсенді дамытып жатыр. AD Ports Group компаниясымен бірлесіп, 2023 жылы сатып алынған Taraz және Liwa танкерлері 2024 жылы Ақтау‑Махачкала бағыты бойынша 874 мың тонна мұнай тасымалдады.
Елімізде тұтыну көлемі өседі деген болжамға сай, алдағы жылдарға ҚМГ өз алдына қойған басты міндеттердің бірі – Қазақстанның ішкі нарығын отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету жөніндегі мәселені шешу болып отыр. Өз кезегінде, бұл мұнай өңдеу зауыттарының қазіргі қуатын ұлғайту қажеттілігіне алып келеді. Осыған байланысты Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 2030 жылға қарай 12 млн тоннаға дейін, яғни екі есеге арттыру жобасы іске асырылуда. Қазіргі уақытта жобалау алдындағы техникалық‑экономикалық құжаттамаға түзету енгізу жұмыстары аяқталды. Сондай‑ақ 2025 жылға қарай Caspi Bitum зауытының өңдеу қуатын 500 мың тоннаға, 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту күтілуде.
Өнім портфелін кеңейту
Өнім портфелін кеңейту жөніндегі стратегиялық міндеті аясында Компания ауқымды мұнай‑газ‑химия жобаларын жан‑жақты іске асырып жатыр. Жобалар негізінен өсіп келе жатқан экспорт нарықтарына дайын өнімді сатуға бағытталған. Сонымен қатар ішкі нарықтың полипропилен мен полиэтиленге деген сұранысын толық өтеу жоспарда, бұл Қазақстанда аралас салаларды дамыту үшін қосымша экономикалық серпін береді.
Есепті жылы стратегиялық мақсатты орындаудың маңызды кезеңі – Полиэтилен жобасының құрылысын бастау және Газ сепарациялық кешен салу жобасы бойынша түпкілікті инвестициялық шешім қабылдау болды. Полиэтилен жобасының әлеуетті үлесін талдасақ, жылына 1 млн тоннаға дейін өнім экспорты кезінде жоба 2,5 млрд АҚШ долларына дейін экспорттық түсімді қамтамасыз ете алады, яғни елдің жалпы ішкі өнімнің 1,2 % ‑ға дейін өсуіне ықпал етеді, сондай‑ақ шағын және орта бизнестің дамуын ынталандырады.
Сондай‑ақ ҚМГ‑ның басқа да мұнай‑газ‑химия жобалары бойынша біраз іс‑шара атқарылды. Полиэтилентерефталат жобасы бойынша алдын ала техникалық‑экономикалық негіздеменің нәтижелері мақұлданды, стратегиялық серіктесті іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Карбамид жобасы бойынша CNPC компаниясымен бірлескен кәсіпорын құруға уағдаластыққа қол жеткізілді. «KMG PetroChem» ЖШС (ҚМГ‑ның 100 % еншілес компаниясы) және «СНПС‑Ақтөбемұнайгаз» АҚ арасында шикізат жеткізуге ниет білдіру туралы келісімге қол қойылды.
Тұрақты даму
2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және парник газдары шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15 % ‑ға төмендету жөніндегі жаһандық климаттық мәселенің маңызын қолдай отырып, 2024 жылғы қарашада ҚМГ Директорлар кеңесі ҚМГ‑ның 2060 жылға дейінгі төмен көміртекті даму бағдарламасын бекітті. Бұл бағдарлама 2021 жылдан бастап 2031 жылға дейін қолданыста болған бағдарламаның орнына қабылданды. 2060 жылға дейін жаңартылған бағдарламада парник газдары шығарындыларын азайтудың үш сценарийі бар: шығарындыны 48 % ‑ға төмендетудің шынайы сценарийі, шығарындыны 58 % ‑ға дейін төмендейтін «жасыл» даму сценарийі және шығарындыны 64 % ‑ға дейін азайтуды көздейтін терең декарбонизация сценарийі.
Аталмыш мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі іс‑шараларға жаңартылатын энергетиканы дамыту, метан менеджментін енгізу, көмірқышқыл газын тұту, сақтау және пайдалану жөніндегі жоба (CCUS), сутегі энергетикасын дамыту, тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру кіреді.
2024 жылы ҚМГ ESG‑тәуекелдерін басқаруды Sustainalytics рейтинг агенттігі 32,8 балл деңгейінде бағалады. Компания ESG факторлары тарапынан айтарлықтай әсер ету қаупіне ұшырады. Sustainalytics компаниядағы ESG тәуекелдерін басқаруды «күшті» деп бағалады. Сонымен қатар ESG тәуекелдеріне ұшырауы «жоғары» деп бағаланды. Сарапшылардың пікірінше, ESG‑тәуекелдерге ұшырау рейтингінің жоғары мәні сала бойынша орташа мәндерге, яғни мұнай‑газ саласына тән тәуекелдерге сәйкес келеді.
Қаржылық тұрақтылық
Есепті жылдың қаржылық нәтижелері 2023 жылмен салыстырғанда басым оң өзгерісті көрсетеді. Таза пайда 18,1 % ‑ға, 1 094 млрд теңгеге және бос ақша ағымының көрсеткіші 21,8 % ‑ға, яғни 1 199 млрд теңгеге дейін өскен болса, компанияның кірісі мен EBITDA көрсеткіштері өзгеріссіз қалды деуге болады.
Борыштық жүктемені тиімді басқару аясында Компания 2024 жылы қыркүйекте өтеу мерзімі 2027 жылға белгіленген 750 млн. АҚШ доллары мөлшерінде облигацияларды мерзімнен бұрын ішінара өтеді. Нәтижесінде есепті жылдың соңында жалпы қарыз 2023 жылмен салыстырғанда теңгемен есептегенде 5,6 % ‑ға артып, ал доллармен 8,6 % ‑ға төмендеп, 4,0 трлн теңгені немесе 7,6 млрд АҚШ долларын құрады.
ҚМГ үшін маңызды макроэкономикалық тәуекелдерге қарамастан, Компанияға жетекші рейтинг агенттіктері салыстырмалы түрде жоғары кредиттік рейтингтер берді: Moody’s рейтингті «Baa2» ‑ден «Baa1» ‑ге дейін көтерді (болжам «Тұрақты»), Fitch «BBB» рейтингін растады (болжам «Тұрақты»).
ҚМГ‑ның нарықтық капиталдандыруы туралы айтсақ, есепті жылдың соңында акциялардың құны 14 621 теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 27 % ‑ға өсті. Осылайша, компанияның жалпы капиталдандыруы 8,9 трлн теңгені немесе 17 млрд АҚШ долларын құрады. Төленген дивиденд мөлшерін ескерсек, 2024 жылы акционерлердің жиынтық табыс 31 % ‑ды құрады, бұл ҚМГ‑ның инвестициялық әлеуеті жақсы екенін көрсетеді.
Қорытынды
Есепті жылды қорытындылай келе, компания қызметкерлеріне, басшы құрамына, серіктестеріне және барлық мүдделі тараптарға еліміздің ұлттық мұнай‑газ операторы – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ‑ның дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіремін. Есепті жылдың нәтижелері болашақта үлкен жетістіктердің бастауы болатынына сенімдімін.
Ернат Бердіғұлов,
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы
